Басқарма
төрағасының
сөзі

Құрметті оқырмандар!

COVID-19 әсерінің жалғасуына байланысты карантиндік шараларға қарамастан, 2021 жылы «KEGOC» АҚ тұтынушыларды энергиямен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді ойдағыдай іске асырып, қаржылық тұрақтылықты сақтады. Жөндеу науқаны бекітілген графикке сәйкес жүргізілді және 2021-2022 жылдардағы күзгі және қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайындық паспорты уақытында алынды.

Осымен бірге, Компания қатарлас жұмыс режимдерін басқару және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырды, бұл қазіргі жағдайда Қазақстан энергия жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі үшін де аса маңызды.

«KEGOC» АҚ аудиттелген қаржылық есептілігіне сай 2021 жылы таза пайда 52,6 млрд теңгені құрады. Таза пайданың нәтижесіне реттеліп көрсетілетін қызмет көлемінің артуы арқасында қол жеткізілді. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын жеткізу қызметінің көлемі 18,4%-ға артып, 54,65 млрд кВтсағ-ты құрады. Техникалық диспетчерлендіру және электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі де 2020 жылмен салыстырғанда орта есеппен 6%-ға өсті.

2021 жылы Компанияның акциялары тұрақты өсіп, өтімділігі жоғары болғанын көрсетті. Бір акцияның құны тарихи максимумға жетіп, 1 920 теңгені құрады, бұл орналастыру бағасынан 3,7 есе жоғары. Компания акционерлерге жалпы шамамен 41,5 млрд теңге сомасына (рекордтық) екі рет дивиденд төледі, соның ішінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша 19,5 млрд теңгені және 2021 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 22 млрд теңгені құрады.

Есептік жылғы маңызды бағыт бұл Қазақстанның Ұлттық электр торабы жұмысының сенімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаларды, солардың ішінде «KEGOC» АҚ «Ақтөбе ЖЭТ», «Батыс ЖЭТ» және «Сарыбай ЖЭТ» филиалдарында 220–500 кВ ӘЖ-ні реконструкциялау», «Түркістан қаласын сырттан электрмен жабдықтау схемасын күшейту» және «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобаларын іске асыру болып табылады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «KEGOC» АҚ «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі режимдерін басқаруды автоматтандыру» зияткерлік желілерін (SmartGrid) қалыптастыру бойынша көп компонентті жобаны іске асыруды аяқтады. Сонымен қатар Компания жобалық, процестік басқаруды жетілдіру мен қызмет тиімділігін, соның ішінде деректер талдауын оңтайландыру мен пайдалану есебінен арттыруды жалғастыруда. «KEGOC» АҚ-ның осы жобамен екінші «Qazaqstan Project Management Awards–2021» ұлттық конкурсының қорытындысы бойынша екінші орын алғаны осының дәлелі болып табылады.

«KEGOC» АҚ үшін басты актив бұл барлық жетістікке қол жеткізетін адамдар болып табылады. «KEGOC» АҚ мен қызметкерлер өкілдері арасындағы 2021–2025 жылдарға арналған ұжымдық шартты жаңарту маңызды оқиға болды, онда қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту бөлігіндегі ұсыныстар және Компания персоналының басқа да тілектері ескерілген. Сонымен қатар қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, олардың кәсіби өсуі және әлеуметтік қолдау бойынша кешенді жұмыс жалғасуда.

Қызметкерлер есептік кезеңде дәстүрлі түрде атсалысып, нәтижесінде «KEGOC» АҚ өндірістік персоналы арасындағы әлеуметтік тұрақтылық деңгейін зерттеу қорытындысы бойынша 2021 жылы SRS (Samruk Research Services) индексі 85%-ды, әкімшілік-басқарушылық персоналдың қатысу индексі 85%-ды құрады.

Өткен жылды қорытындылай келе, «KEGOC» АҚ еліміздің ауқымды стратегиялық міндеттерді шешуге қабілетті, беделі жоғары әрі сенімді электржелілік Компания екенін растағанын атап өтуге болады.

2022 жылы БЭЖ-ді бұдан әрі дамыту және электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ жоспарланған инвестициялық жобаларды іске асыру, соның ішінде ЖЭК-тің тиімді интеграциялануын есепке ала отырып, жұмыс істеп тұрған электр жеткізу желілері мен қосалқы станцияларды реконструкциялау және жаңаларын салу жұмыстарын, электр энергетикасын технологиялық дамыту саласындағы жұмыстарды, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын нақты режимде іске қосу жұмыстарын жалғастыратын болады. Әкімшілік және өндірістік персоналдың жинақталған мол тәжірибесі уақыт талабына сай Компанияға стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуіне және қалыптасқан құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауына мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Қаныш
Тәңірбергенұлы
Молдабаев

«KEGOC» АҚ
Басқарма
төрағасы