Директорлар
кеңесі төрағасының
сөзі

Құрметті акционерлер,
инвесторлар, әріптестер
мен серіктестер!

«KEGOC» АҚ 2022-2031 жылдарға арналған даму стратегиясының бекітілуі 2021 жылғы өте маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Даму стратегиясы Компанияның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына бағытталған, онда энергетикалық ауысумен және ЖЭК-ті энергетикалық жүйеге интеграциялаумен байланысты жаһандық трендтердің әсері, Қазақстанда орта мерзімді перспективада электр энергиясы мен қуаты тапшылығының туындау мәселелерін шешу қажеттілігі есепке алынған. Ең маңыздысы бұл стратегиялық құжатта қазіргі заманғы инновациялық және цифрлық технологияларды, ҒЗТКЖ-ны енгізу қажеттілігі, ESG қағидаттарына адалдық есепке алынып, экономиканы карбонсыздандыруға және елдегі экономикалық дамуды қамтамасыз етуге байланысты процестер қамтылады.

Директорлар кеңесінің есептік жылы атқарған жұмысы Компания ұжымын алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге ынталандырумен байланысты болды. Нәтижесінде бұл жыл оң өндірістік-қаржылық көрсеткіштермен аяқталды.

Сонымен қатар, тұрақты даму қағидаттарын сақтау Директорлар кеңесі қызметінің маңызды бағыты болып қала бермек. «KEGOC» АҚ барлық мүдделі тараптар алдындағы өзінің жауапкершілігін түсінеді, сондықтан еңбекті қорғау, адами капиталды басқару жүйесін жетілдіру және қоршаған ортаға қамқорлық жасау Компания тиімділігінің жоғары болуын қамтамасыз ететін басты элементтер болып табылады. Бұл жерде Директорлар кеңесі, оның Комитеттері мен Атқарушы орган қызметінің тиімділігін арттыру; тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және орнықты даму жүйелерін жетілдіру; акционерлердің құқықтарының сақталуы мен айқындықты арттыру арқылы корпоративтік басқару жүйесін үздіксіз жетілдіру процесі негізгі рөл атқарады. 2021 жылы жүргізілген тәуелсіз диагностикалау қорытындысы бойынша корпоративтік басқару рейтингін «ВВ» деңгейінен «ВВВ» деңгейіне дейін арттыру осы жұмыстың нәтижесі болып табылады.

«KEGOC» АҚ-ның Moody’s растаған болжамы тұрақты «Baa2» деңгейіндегі рейтингі де Компанияның инвестициялық тартымдылықты арттыру бойынша қабылдап жатқан шараларының тиімділігін дәлелдейді.

Компанияның акциялары тұрақты өсіп, өтімділігі жоғары болғанын байқауға болады – 2021 жылдың басынан бастап бір акцияның нарықтық бағасы 169,5 теңгеге (1 699,5 теңгеден 1 869 теңгеге дейін) өсті, акция құнының ең жоғарғы мәні 1 920 теңгені құрады, бұл 2020 жылғы тарихи жоғары деңгейден 170 теңгеге асады. 2014 жылы Компанияның акцияларын қор биржасында алғаш орналастырған сәттен бастап акционерлерге төленген дивидендтердің жалпы сомасы 174,7 млрд теңгені құрады.

2022 жыл бізден өз ісімізге барынша жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етуді, жоғары біліктілік пен білімділікті, жаңа сын-тегеуріндерге дайын болуды және өршіл міндеттерді шешуде заманауи тәсілдерді қолдана білуді талап етеді. «KEGOC» АҚ Қазақстан энергия жүйесінің озық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық электр торабын дамытудың болжамды моделін әзірлеуге кірісуде. Ұлттық электр торабын ауқымды жаңғырту электр энергиясының қажетті өңіраралық және мемлекетаралық ағындарын қамтамасыз ете отырып, жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосумен синрондалуы тиіс.

«KEGOC» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелері атынан барлық акционерлер мен серіктестерімізге бірлесе жұмыс істегеніміз үшін алғыс айтуға және әріптестерімізге «KEGOC» АҚ жаңа Даму стратегиясын іске асыру жолындағы еңбегіміздің жемісті болуына тілектестік білдіруге рұқсат етіңіздер.

Ернат
Құдайбергенұлы
Бердіғұлов

«KEGOC» АҚ
Директорлар
кеңесінің төрағасы